XV-XVIII ғасырлар аралығында өмір сүрген жыраулар қазақ қоғамының қалыптасу кезеңі мен оның даму сатысындағы бай рухани мұра қалдырды, олар өздерінің жырларында қоғамдық өмірдің әлеуметтік саяси жағдайы мен халықтың ой-санасын бейнеледі. Жыраулар адам өмірінің мәні неде, өмір мен өлім мәселесі, адам мен дүние арақатынасының сырын ашу туралы сұрақтарға жауап іздеді. Сол уақыттағы ішкі және сыртқы саяси жағдайының шиеленісуі жыраулардың дүниетанымына үлкен әсерін тигізді. Олардың көзқарастарында жалпы адамзаттық ойға ортақ белгілермен қатар, өзіне тән ұлттық ерекшелігі болды. Сонымен қатар, жыраулардың дүниетанымдағы өзіндік ерекшеліктерінің бірі – аз сөзге көп мағына беру, яғни жыраулар поэзиясының өн бойынан қуатты әрі көркем сөздермен құралған шеберлік байқалып тұрады. Екінші жағынан, үлкенді сыйлау, достық, кішіпейіл болу, инабаттылық, адамгершілік және т.б. категориялардан тұратын адамгершілік туралы ойлары болды. Шешендер өз сөздерін мәнерлеп, тың ойлармен байытып, дәстүрмен және дәстүрлі исламмен байланыстыра жеткізген. Оны жыраулардың төгілген терме-толғауларынан байқай аламыз. Бұл көзқарастар діни-философиялық сарында көрінді.
Қазақ жыраулар поэзиясы тақырыптық-мазмұндық аясында ерекше көрінетін мәселе дін – тақырыбы. Кеңестік идеология үстемдік құрып тұрған тұста әдебиетке діннің ықпалы, әдебиеттегі дін тақырыбының көрінісі туралы мүлдем айта алмай келгеніміз белгілі. Ғалым Б.Кенжебаев кеңестік кезеңде жазылған еңбегінде қазақ хандығы тұсындағы әдебиеттің өзгешеліктерінің бірін дін тақырыбымен байланыстырып: «... Әдетте орта ғасырдағы, онан бергі ғасырдағы әдебиеттерде, атап айтқанда, ертеде қазақ халқымен сыбайлас болған халықтардың осы ғасырлардағы әдебиетінде діншілдік сарын, дін, әдет-ғұрып, идеялары, боялары күшті болып келді. Ең болмағанда, әдебиетте бірнеше жік, бағыт болып, соның басым саласы діншіл бағыттағы әдебиет болып келеді. Қазақ хандығы дәуіріндегі біздің әдебиетіміз олай емес, онда діншілдік сарын, бағыт, діни бояу жоқ дерлік. Біздің әдебиетіміз көбінесе, бастан өткен халық мұңы, қайғылар жыры, солардың суреті болып келеді. Онда кей реттерде сыншыл сарын элементі күшті болып отырады» [1, 76 б.], – дегенінің астарына үңілсек, ұлт әдебиетінің тарихын тереңдету үшін күрескен ғалымның жыраулар мұрасын заманының идеологиялық қысымынан қорғау да бар деп ойлаймыз. Қазақ жыраулар поэзиясы жасалған кезеңдегі Орта Азия елдерінің сөз өнерінде діннің ықпалы күшті болғаны белгілі. Ғалым қазақ жыраулар поэзиясындағы діннің жырлану ерекшелігіне назар аудартады. Яғни қазақ жыраулары жасаған жыр үлгілерінде дін тақырыбының берілуі басқа мұсылман елдерінің әдебиетіндегідей емес. Жер мен ел мүддесін жоғары қойып жырлаған, ерлікті дәріптеген қазақ жырауларында дін тақырыбы да адамгершіліктің терең қағидаттарымен астасып жатыр. Жыраулар поэзиясында діни қағидаттар имандылық тұрғысынан түсіндіріледі. Өз дәуірінің өзекті мәселелерін сөз еткен жыраулар діни заңдылықтарды гуманистік концепциялармен қатар қойып, сол тұрғыдан жырлаған. Жыраулардың толғауларынан шариғат заңдылықтарына деген ерекше көзқарасты көреміз [2, 64 б.].
Меңдібай Әбілұлы жыраулар поэзиясы (ХV-ХVІІІ ғасырлар) туралы былай деп жазады: «Ислам дәуірі әдебиетінің көрнекті өкілдері Махмұд Қашғари, Жүсіп Баласағұни, Ахмет Иүгінекилердің шығармалары түркі халықтарының әдеби мұрасына айналды. Әрине, осындай әдебиетші-ғұламалардың поэзиялық шығармалары қазақ жыраулық поэзиясының өкілдеріне әсер етпей қойған жоқ. Асан қайғы жырау мен Сыпыра жырау, Қотан жырау, Шалкиіз жырау мен Бұқар жыраулар өздерінің поэзиялық шығармаларында діни дәстүрді қалыптастырды. Бірақ кешегі Кеңес заманында жыраулық поэзия өкілдерінің шығармаларындағы діни ағым жөнінде ғылыми тұрғыдан пікір өрбітуге кеңестік идеология кедергі келтірді...». ХV-ХVІІІ ғасырларды қамтитын Қазақ хандығы дәуірі әдебиетіндегі жыраулар поэзиясындағы діни-философиялық сарынның пайда болуы заңды құбылыс еді. Араб шапқыншылығының нәтижесінде көне түркі жазуы ұмыт болды. Енді түркілер, соның ішінде қазақтар енді білімін, жазу-сызуын араб таңбасына ауыстырды. Ислам дәуірі әдебиетінің өкілдері тарапынан шығарылған әдеби-мәдени еңбектер қазақ даласына ұрпақтан ұрпаққа ауызша жетіп келген еді [3, 156 б.].
Сондықтан Ахмет Яссауи, Ахмет Иүгінеки, Жүсіп Баласағұн шығармалары қазақ жыраулары мен ақындарының нәр алатын бұлағы болды. Әсіресе, бастан-аяқ бір сазбен, терең оймен, үлкен тебіреніспен, шабытпен жазылған «Яссауи хикметтерінің» дәстүрін, сазын, сарынын жырауларымыз өз туындыларында жалғастырып әкетті. Тіпті, ХV ғасырда ғұмыр кешкен Асан қайғыдан бастап, Шәкәрім Құдайбердіұлына дейін бұл сарын бірде-бір рет үзілмей жалғасып келген. Ел қамын жеген Асан қайғы: «Мұнан соң қилы-қилы заман болар, Заман азып, заң тозып жаман болар. Қарағайдан шайыр кетер, Ханнан күш, қарындастан қайыр кетер», – десе, Қожа Ахмет Яссауи: «Білгейсің бұ дүние барша елден өтер, Малға да сенбе қолдан кетер. Ата-ана, қарындас қайда кетті ойлап көр, Төрт аяқты шабан ат бір күні саған жетер», – дейді. Екі ақынның айтайын деген ойы, ішкі сыры түсінікті, өмірде тұрақты еш нәрсе жоқ, бәрі өтпелі, тек бір Алла ғана мәңгілік екенін білдіріп тұр.
Заманынада үш жүздің басын қосқан әйгілі Абылай ханға кеңесші болған шешен сөз иесі, білгірі – Бұқар жыраудың әдеби мұрасы түйінді ойлар мен кесімді сөздерге толы. Сонымен қатар жыраудың бірқатар толғаулары асыл дінімізді насихаттауға арналған. Бұқардың «Бірінші тілек тілеңіз» атты толғауында діни толғамдармен имандылыққа шақыру көзқарасы жырланады.
Бұқар бабамыз «Бірінші тілек тілеңіз, Бір Аллаға жазбасқа» деп бастайды, Мұндағы «Бір Аллаға жазбасқа» дегені күнә жасамау деген мағынаға сай келіп тұр. Қазақ баласы «Аллаға не жаздым?» деп, қиналғанда өз-өзіне сұрақ қоятын болған. Бұл жерде жырау Бір Аллаға деген сенімді нақты көрсетіп тұр. Және «Бірінші тілек...» деп сөздің басында айтуы да тегін емес болса керек.
Екінші тілек тілеңіз,
Ер, шұғыл, пасық, залымның
Тіліне еріп азбасқа.
Үшінші тілек тілеңіз,
Үшкілсіз көйлек кимеске. Мұнда "үшкіл көйлек" дегені кебін деген мағынада. Бір сөзбен айтқанда Бұқар жырау осы үшінші тілегінде амандық тілеу туралы айтады.
Төртінші тілек тілеңіз,
Төрде төсек тартып жатпасқа.
Бесінші тілек тілеңіз,
Бес уақытта бес намаз,
Біреуі қаза қалмасқа. Бұл жолдардан Бұқар бабамыздың мұсылмандық парызды ұстаумен бірге оны халқына тамаша насихаттай білгендігін көреміз.
Алтыншы тілек тілеңіз,
Алпыс басты ақ орда,
Ардақтаған аяулың
Күнінде біреуге
Тегіннен-тегін олжа болмасқа, – деп бейбітшілікті жырға қосса,
Тоғызыншы тілек тілеңіз,
Төреңіз тақтан таймасқа,
Тоқсандағы қарт бабаң
Топқа таяу бармасқа, – деп қарт адамдарға ұрпағы тарапынан құрмет көрсету және қарттарға тән салауаттылық болу керектігін айтады. Жырау осылайша Ұлы Жаратушы Алладан тілейтін басты тілектерді осылай тізбектей жырлайды [4].
Алдымен айтарымыз, бізге жеткен Бұқар толғауларының өзегі – Алланың болмысы екендігінде сөз жоқ. Алласы аузында, аузында ғана емес, ділінде, бүкіл болмыс-бітіміне сіңіп кеткендігі сонша әрбір толғау жолдарынан жыраудың Ұлы Жаратушыға деген сезімі ұшан теңіз екендігін көреміз. Осылайша алғашқы білімді мұсылманша алып, ол жолдың тұңғиығына мейлінше бойлай отырып, өзінің болашақ шығармашылығында мұсылмандықтың адамгершілікке жол бастайтын имандылық қағидаларын өз өлеңдерінде ұтқырлықпен пайдалана білген. Бұқар – шариғат заңдарын, сопылық ілімнің мақамдарын жетік білген ойшыл, діни сарында көптеген өлеңдер жазған. Оның адамгершілік имандылық туралы идеялары негізінен мұсылман дініндегі шариғат заңдарымен үндес. Кейін бұл оның философиялық көзқарасына да қатты әсер етеді, осы жолда өлеңдер де жазған:
Күллі әлемді жаратқан
Ең алдымен Алланы айт.
Бойыңа жан таратқан,
Аты жақсы Тәңіріні айт.
Төрт шәдиар Мұстафа,
Кітап ашқан ғалымды айт.
Мұхамметтің аяты,
Алла сөзі – құранды айт [5, 221 б.]. Бабамыздың бірінші аузына алғаны бүкіл дүниені, адамзатты, табиғат әлемін, жан-жануарларды жаратушы Ие – Алланың есімі. Демек, адам өзінің кім екендігін білу үшін, өзін тану арқылы дүниені тану үшін барлығын жаратып тұрған түп негіз – Иені тануы шарт. Яғни, мына ғаламның мәні мен мағынасы қауымға Алла ақиқатын жеткізуші, Құдайдың барлығы мен бірлігін мойындауға шақырушы пайғамбарымыз арқылы ғана ашылмақ. «Төрт шадиар Мұстафа» деу арқылы имандағы жеті парыздың бірі – «Алла Тағаланың жіберген Пайғамбарларына сену» парызымен үндестігін танығандай боламыз. Мұхаммед, оның төрт шәдиары, орынбасарлары – Әбубәкір, Омар, Оспан, Әлилердің өмірі мен ісі мұсылманға үлгі-өнеге болып саналады. Құран үндеуімен байланысты тәңір мен адам арасындағы рухани байланыс тікелей имандылыққа негізделген. Толғаудың әрбір тармақтары мән-мазмұндық аясы шексіз, адамзат баласына терең ой салатын өсиет, насихатпен үндестігін көреміз.
Алла жақтаған зар болмас,
Ақтың жолы тар болмас.
Тар пейілді кеңімес,
Кең пейілді кемімес [6, 23-24 бб.]. Ал енді толғау жолдарындағы айтқалы отырған ой-қорытындыларының түпкі мән-жайына тоқталар болсақ, онда «Алла жақтаған зар болмас» дегені Құранда көп қайталанатын адам баласы өмір бойы не істейді, қалай күн кешеді, мұның барлығы Алланың әмірі, әрі оның назарында деген қағидаға саяды. Негізгі мақсат – адам баласын тек адал өмір сүруге, істеген ісіне жауапкершілікпен қарауға насихаттау, осыған шақыру. Алла жақтаған адам ешқашанда зар болмайды, яғни қайғыда, қасіретте, мұңда, шерде, уайымда болмайды дегенге нұсқайды.
«Ақтың жолы тар болмас» деу арқылы мұсылмандық ұғымы бойынша дүниенi жаpатқан Алла Тағала өз елшісі арқылы түсірген Құранмен ұсынған дұрыс жолмен жүріп өту адам өмірінің мәні болса керекті. Жазушы М.Мағауин айтқандай, «әpкiмнiң несiбесi хақ қолында». Демек, Құдай Тағаланың жолы тар болмайды, оның кең болатындығы пенделеріне аян. Ол шексіз, өлшеусіз. Сол себепті де, Алла даналығы, оның тек адамзат үшін істеп жатқан ізгілік ниетінің нәтижесі осы өлшеусіз, шексіз жолмен көрінісін береді. Яғни, Алланың негізгі болмысы – кеңдік, шексіздік. «Кеңдік» сөзінің ауыспалы мағынасы әрі «кешірімділік, мейірбандық» деген түсініктерді де білдіретіндігін ойшыл естен шығармаса керек. Алланың өз пенделеріне деген кешірімділігі, ерекше мейірбандылықпен қарауы (Ар-Рахиму – Алланың 99 көркем есімінің бірі: бір жақсы іс үшін бірнеше есе береген және ешқашан сауап істерді жоймайды). Басты мақсат – адамның рухани толық жетілгендіктің қай сатысында болса да, ол адам болып қалуы қажет. Адам осы өмір өткелдері мен өмiр кезеңдерi арқылы рухани жетілу жолымен өтіп, нәтижесінде кемел адам деңгейіне жетеді. Ал бұл рухани жолды жүріп өту оңай емес, қиынның қиыны. Бұл жол – терең «махаббат пен ерік-жігерді, сабырлылық пен қайратты қажет ететін, соқпағы бітпес», ақыр-аяғы жоқ жол. Бұл жолмен жүріп өту тәжірибесі адамға ішкі тазалықты, рухани тыныштықты, ең бастысы бақыт сыйлайды екен. «Көп оқығаннан емес, көп көргеннен сұра» деудің мәнісі де осында болар [7].
Ойшыл «Тар пейілді кеңімес» деу арқылы адамның ықылассыз, ынтасыз өзімшілдік кейпін танытса, «Кең пейілді кемімес» деу арқылы адам көңiлiнің кеңдiгін, адал ниеттiлiгін, яки ниеттес, тiлеулес қадір-қасиеттерінің ешқашанда тарылмайтындығын тілге тиек етеді. Ондай адамдардың рухани дәрежесі үнемі үстем болады. Рухани жан-дүниесі таза, ашық адамның өмірі де соғұрлым жеңіл, қиыншылықтардан ада болады екен. Өйткені ондай адам өмірдің қиыншылық, шытырманды сәттеріне еңсесін түсірмейді, мойымайды. Адам баласы қандай да бір әрекетімен, тіпті жақсы сөзімен адам баласына жақсылық жасаса, соғұрлым оның көңілі жарқын, таза, тоқмейілді болады. «Жақсы сөз – жарым ырыс» демекші, адамға шын ниетпен, шынайы көңілмен айтылған жақсы сөз сол адамға қуат береді, оның өмірге деген, болашақтағы қандайда бір істерге деген құлшынысын жігерлендіреді. Қазақта «Пенде пейілінен табар», «Ақ пейілдің аты озып, тоны тозбайды», «Жаман адам кетсе, дүние кеңіп қалғандай, жақсы адам кетсе, дүние кеміп қалғандай», «Адамның ұяты бетінде, адамгершілігі ниетінде» деп тегін айытпаса керек.
Он сегіз мың ғаламды жаратқан
Айтар болсаң Алланы айт.
Кемелді етіп санатпен
Саулық берген тәңірді айт.
Аузыңа иман үйреткен
Ғалиссалам Мұхаммедті айт.
Мұсылман болсаң, алдымен
Іншаллаһи, бісмілданы айт.
Таңертең азан шақырған
Даусы сұлу молданы айт... [8, 225-227 бб.], – деген толғау жолдарынан он сегіз мың ғаламның барлығы Аллаға бағынғандықтан, дүниеде оның әмірінсіз ештеңе істелмейтінін, тіршілік атаулының дамуы оның әмірімен ғана жүретіндігін, әрі бұны Құран дұғасы дәлелдейтіндігін айтып отыр. Әрі Құран – Алланың ізгілік ниетін жеткізуші қолдану жолы екендігін әдемі жеткізіп отыр. Өз кезегінде Құран жеке адам және қоғам өміріне қажетті құқықтық, әлеуметтік-экономикалық, саяси басқару, этикалық-моральдық құндылықтар жүйесіндегі негізгі басты қағидалар мен ұстанымдарды көрсетіп бергенді. Сонымен бір мезетте, Алла адамзат санасына сенгендіктен де адам баласына өте қайырымды, әрі кешірімді екендігін көрсетеді. Алла адам баласының тіршілігінде жасап жатқан барлық іс-әрекетімен олардың сана-сезімінен орын алған өзінің құдіретін адам баласының санасына Мұхаммед Пайғамбар арқылы жеткізгендігін шабытты екпінімен шебер таныта да, көрсете де білген. Ислам дінінде рухы мен иманының деңгейі жоғары мұсылмандарға берілетін діни мәртебе «шадияр» деу арқылы Пайғамбарымыздың «Мұхаммед» атынан басқа Мұстафа атты көркем де қасиетті есімін де көрсете білген. Шариғаттағы тәкбірмен басталып, сәлеммен аяқталатын, ерекше әрекеттер мен сөздерден тұратын ғажайып ғибадат ретіндегі бес уақыт намазды дәріптеушілігі тағы бар. Бір хадисте былай делінген: «Үлкен күнә жасамаған адамды бес уақыт намазы мен жұма намазы, келесі жұмаға дейінгі жасаған күнәларынан арылтады». Жалпы Бұқар жырау медреседе ұстаздық жасаған уақытында дерек көздері бойынша енгізген жаңалығы – балалардың тіліне, түсінігіне ыңғайлы қылып мұсылмандықтың іргелі қағидаларын жырға қосуы болған. Сондай шығармаларының біріне осы толғауы жатса керекті. [7, 110-111 бб.].
Алланың өсиетін және оның елшісі Мұхаммедтің айтқандарының барлығын жүрегімен толық қабылдап алу бұл – иман. Оның отауы – жүрек. Сондықтан да жырау «Тәңірім салса аузыңа, Жан жолдасың иманды айт» деу арқылы оған тәсілім етуді (қалтықсыз сенуді) көрсетуінің өзі керемет ой-пайыммен жеткізілген. Абай атамыз «иманды сақтауға қорықпас жүрек, айнымас көңіл, босамас буын керек» дегенді.
Сондай-ақ, Қазтуған, Доспамбет, Шалкиіз, Жиембет жыраулардың толғауларынан да Қожа Ахмет Яссауи хикметтерінің сарынын, сазын, ықпал-әсерін табуға болады. Мәселен, Шалкиіз жырауды алайық. Ол – Ислам дінін ұстанған, оның тәңірісі көк емес, Алла екенін жырлаған, төменде берілген оның толғауларынан үзінділер келтірейік: «Тәңірінің үйі кебені, Ибраһим-Халил Алла жасапты, Ғазірейіл жан алмаға қасап-ты» немесе «Әбсінде ғалым жидырып, Ақ кітабын жайдырып...». Біз бұл үзінділерден Шалкиіздің Құранға, Ислам дінің қағидаларына қаншалық жетік болғаны бізге мәлімсіз, алайда оның оның сауаттылығы күмән туғызбайды. Шалкиіз жырау әр ісін Хаққа тапсырғандығын айтады.
Күпшек санды тіл жалмаған күреңді
Тілеген достан аяман!
Тілекті бірге тілеген
Малымды достан аяман!
Тайғақ кешу, тар жерде,
Менім достым бар-ды һәр жерде,
Іздесем табылмайды тар жерде.
Табылмаса қайтейін,
Мен ісімді Хаққа тапсырғанмын һәр жерде!
Жыраулар поэзиясы қазақ халқының ар-ожданды, ел қорғауды бірінші орынға қоятынын, дәстүрлі дінге берік екенін байқатады. Мысалы, Үмбетей жырау былай айтып кеткен:
Дін мұсылман баласы
Адамдықтан жерімес,
Тіл мұсылман, қарашы,
Арамдықтан шегінбес.
Дәніккесін бұл шіркін
Адал бір дәм жегізбес! – деп адамдықтан аттамай, нағыз мұсылман болуға, арамдықтан аулақ жүруге шақырады.Жыраудың ойынша, тек тілмен ғана айтып, жүрегіне Құдайды ұялата алмаған мұсылман "харамнан" бойын алыстата алмаған дінсізбен тең. Мен пайғамбардан бастасам – Әңгімеге кетермін, Едігеден бастасам – Ертегіге кетермін [9].
Халықты кәуір ұлт – жоңғарлардың шапқыншылығына қарсы үгіттеген Үмбетей жырау:
Мұсылманның баласы,
Сірә, бір кеңес құрыңыз.
Бірауызды болыңыз!
Қалған елді тосыңыз,
Бөтен елмен үйір боп,
Еркеңізді қосыңыз.
Кәпір алмас демеңіз,
Наны тәтті, – жемеңіз.
Зәбірі қатты бұ кәпір
Алмай қоймас демеңіз.– деп бірлікке шақырады.
Ал, атақты жырау Қазтуған өзінің ерлік пен өрлікке, қажыр мен қайратқа толы жырларында Алланы естен шығармаған, оның құдіретін барынша сезінген, ол «Мадақ» жырында былай: «Бұлыт болған айды ашқан, Мұнар болған күнді ашқан, Мұсылман мен кәпірдің, Арасын бұзып дінді ашқан, Сүйіншіұлы Қазтуған!» – деп толғаған. Бір ауыз сөзінің өзі жыраулардың дінді қаншалықты құрмет тұтқаны жайлы мағлұмат береді. Жыраудың осы туындысына зер сала қарасақ, оның Ислам жолында еш тайынбайтынын, өз діні үшін ғазиз өмірін де арнайтынын көреміз. Қазтуған ақын Қожа Ахмет Яссауи жолымен жүріп, көпке қызмет етуді, ел үшін игілікті іс атқаруды борышым деп санайтын сияқты. Тіпті, өлеңінің соңында өз аты-жөнін айтуы да сопы ақынға бір табан жақындай түскендей әсер қалдырады.
ХІХ ғасырдағы орыс зерттеушісі В.В. Радлов діни дастандардың уағыздық қасиеті жайлы былай деп жазған екен: «Қазақтар арасында Исламды орнықтыруға бір «Жұм-жұманың» әсері даланы кезіп жүрген жүздеген молдадан артық тәрізді». Қазақ хандығы құрылмастан бұрынғы Алтын Орда дәуірінде дүниеге келіп, ел арасында танымал болған жыр-дастандардың дені дін тақырыбында еді. Солардың қатарында «Зарқұм», «Салсал», «Қаһарман», «Кесікбастың қиссасы», «Мұхаммед пайғамбар» т.б. атауға болады. Кейінгі шығарылған жырлар да осы сара жолдан айныған жоқ. Қандай жыр болмасын, адамгершілік, имандылық принциптерін насихаттады. Расында да, тіл – ділдің айғағы. Оның ішінде халық жадында ықылым замандардан сақталып келген жыр-өлеңнің орны ерекше. Абайша айтқанда «өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы, қиыннан қиыстырар ер данасы». Халықтың атадан балаға ауызба-ауыз жеткен әдебиетінде мұсылмандық ұғымдар мен ұстанымдарды білдіретін сөз оралымдары молынан кездеседі. Жыртермелер, толғаулардың басты мақсаты да халықты адалдыққа, ынтымақ-бірлікке, имандылыққа шақыру болатын. Мақал-мәтелдердің де дені адамгершілік һәм мұсылманшылық ұстанымдарынан туған десек қателеспейміз. Қазақтың хақ жолын қалай ұстанғанын, сенімі қандай болғандығын білу үшін халық санасында жатталып, ауыздан-ауызға көшіп отырған тағылымды мұраларға, сөз патшасы – өлең-жыр ла ры на, тән шымырлатқан терме-өсиеттеріне зер салсақ жеткілікті [10, 29 б.].
Жиембет Бартоғашұлы Есім ханның беделді биі, кеңесшісі әрдайым ханға есіне өткенді салып, Құдайдан қорқуға шақырып, тәубешіл болуға үндеп отырған. Өзі де жырларында бір Аллаға сыйынып, құлшылық пен тіршілікті ұштастыра үйлесімді өмір сүруді уағыздаған. Бұл жағдай ақынның мына бір өлеңінде айқын көрініс тапқан:
«…Бастап келген өзге емес,
Жиембет сынды биің-ді.
Малын салып алдына,
Әр саладан құйылды,
Он екі ата Байұлы
Бір тәңірге сыйынды» – деген толғауына байқауға болады.
Кешегі өткен жырауларымыздың қай-қайсысы да Алланы бір деп таныған, ел-жұртына адал қызмет істеуге, көптің көңілінен шығуға таңдайынан жар, маңдайынан терін төккен. Толғаулардың өзекті қырларының бір саласы ондағы діни-сопылық танымдардың жырлануында жатыр. Жыраулар діни мектептерде білім алған, діни сауатты адамдар болды. Сондықтан олардың мұраларында діни-ұғымдар мен сопылық бағыттар анық сезіліп тұрады.
Жыраулардың барлығы дерлік Ислам дінін қолдап, дінді халық арасындағы бірліктің сақталуына мұрындық еткені анық. Дін – абсолюттік шындық. Ал, сопылық – Ислам дінін көшпенді халық арасында кең уағыздауға құрылған ілімдердің негізі. Олай болса, қайбір жыраудың осы тақырыпқа орай арнаған жыр өрнектерінде сопылық ілімнің түйдек-түйдек көрініс алуы – Ислам дінін қазақ арасында уағыздауда әдебиеттің алар орнын анықтаса керек. Әсіресе, Алланы шексіз сүю, оның бар екеніне шек келтірмеу идеясы сопылық поэзияның негізгі лейтмотивіне айналса, ал жырау мұраларында бұл идея халықтық түсінікке сай жырланып отырған. Мысалы, Бұқар жырауда: «Алла деген ар болмас, Ақтың жолы тар болмас». Дулат ақында: «Бір «Алладан басқаның, Көпті қылған ғайыбы».
Жергілікті халық арасына ислам еш зорлық-зомбылықсыз бейбіт жолмен таралды. Ислам діні қазақ халқына тікелей уағыз-насихаттан гөрі ел арасында ауызба-ауыз жеткізілген діни әдебиет, қисса-дастандар мен жыр-термелер арқылы жақсы тараған. Діни қиссалар, ертегілер мен аңыз-әңгімелердегі кейіпкерлердің өмірлері, адамгершілік принциптері, дін жолындағы жанкештілігі тыңдаушыларды баурап, исламға алып келді. Оқиғалар желісін Құраннан алатын діни қиссалар ислам дінінің таралуына зор ықпалын тигізді. Қарапайым халық қисса-дастандар арқылы діннің негіздерімен танысты.
- Кенжебаев Б. Әдеби белестер. – Алматы: Жазушы, 1986. – 186 б.
- Қасқабасов С. ХҮ-ХҮІІІ ғасырлардағы қазақ әдебиеті. – Алматы: Әдебиет және өнер институты, 2005. – 339 б.
- Келімбетов Н. Көркемдік дәстүр жалғастығы. – Астана: Елорда, 2000. – 288 б.
- Нығызбекұлы Б. Бұхар жырау дара тұлға[Электронды қор]: // https://www.muftyat.kz/kk/articles/islam-and-society/2017-06-08/19123-bar-zhyiraudyi-termesndeg-dni-tolamdar/
- Қалқаманұлы Б. Ай, Абылай, Абылай! Толғаулар. – Алматы: Жалын, 1993. – 396 б.
- Омари Ж. Бұқар жырау. Он екі тарих. – Қарағанды, 1994. – 333 б.
- Мағауин М. Қазақ хандығы дәуіріндегі әдебиет. – Алматы: Ана тілі, 1992. –196 б.
- Бердібай 3. Р. Эпос ел қазынасы. – Алматы: Рауан, 1995. – 350 б.
- Қыдырханова А. Үмбетей жырау поэзиясы мен оның дәстүрлі дінмен байланысы [Электронды қор]: // https://baribar.kz/87173/umbetej-zhyraudynh-poeziyasy-men-dasturli-dinninh-bajlanysy/
- Әуезов М. Әдебиет тарихы. – Алматы: Ана тілі, 1991. – 240 б.
Қойшыбаева Салтанат Санатқызы
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,
«Конфликтологиядағы діни бірегейлік»
мамандығының 1 курс магистранты
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,
Дінтану және мәдениаттану кафедрасы
Ph. D., аға оқытушы Д.С. Утебаева жетекшілігімен